"Ақмола облыстық білім басқармасының Зеренді ауданы бойынша білім бөлімі, Ақадыр ауылының жалпы орта білім беретін мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение "Средняя общеобразовательная школа села Акадыр отдела образования по Зерендинскому району управления образования Акмолинской области"

Біз әлеуметтік желіде

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Адамгершіліктің шуағын сөндірмейік

Тақырыбы: Адамгершіліктің  шуағын сөндірмейік

Мақсаты: 

Адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз қылықтарды ажырата білуге үйрету. Үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болудағы, адамгершілік қасиеттерін дамыту. Бойларына жақсы қасиеттерді жинай білуге, жауапкершілігі зор, сезімі бар, өнегелі, өнерлі тұлға тәрбиелеу.

 

         І. Жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар мен студенттер. «Адамгершілік шуағын сөндірмейік» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер.

         Адам... Адам болу – қасиетті атақ. Адам атың болған соң, сен – ата–анаңның, еліңнің, Отаныңның перзентісің. Адам болу үшін Абай атамыз айтқандай:

Сүймек, сезбек, кейімек,

Харекет қылмақ, жүгірмек.

Ақылмен ойлап сөйлемек...

Ақыл керек, ес керек, мінез керек...

Адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені адам - өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттілігімен ардақты. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершіліктің қайнар бұлағы – халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді.

         Адамгершілік тәрбиесінің өзекті мәселесі – қайырымдылық, достық. Халық ұғымында жақсылық пен жамандық, достық пен қастық адамгершілік қасиеттің екі түрлі белгісі ретінде егіздің сыңарындай қатар салыстыра суреттеген. Еліне қайырымды, бойындағы бар қасиетін халыққа жақсылық жасауға арнаған адамды «Ел қамын жеген - ер» деп дәріптеген. «Жақсының жаттығы жоқ», «Жақсы – ай мен күндей, әлемге бірдей», «Жақсы туса – елдің ырысы», «Жақсы келді дегенше жарық келді десеңші, жақсылықтың лепесін ала келді десеңші» деген нақылдар жақсы адамның көпшіл, халық қамын ойлайтын абзал азамат екенін дәлелдейді. Ал бұған қарама-қарсы қара басының қамын халық қамынан жоғары қоятын өзімшіл, қорқау, қорқақ, алдампаз, опасыз жандарды «Жаман қорыққанын сыйлайды», «Жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас», «Бір жаман мың қолды ірітер, бір құмалақ бір қарын майды шірітер» деп әшкерелеген. Халық мақалдарының жақсы мен жаманды салыстыра суреттеп, жақсының жақсылығын, халыққа тигізер пайдасын паш етеді. Оны: «Басына іс түссе, жақсы көмек етеді, жаман күліп кетеді», деген мақал-мәтелдерден байқауға болады. Қазақ халқының мақалаларында: «Алыстағы дұшпаннан қасыңдағы қас жаман», «Жыланның уы басында, бейқамның жауы қасында», «Мың жаудан бір жансыз жаман» деп ішке кіріп, өтірік дос болғансыған жаудан жастарды сақ болуға шақырады. Қайсыбір мақал-мәтелдерде: «Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды», «Мал көтерер өлімді, дос көтерер көңілді» деген ой-пікірлер шынайы достықты дәріптеуге арналған. Жұмысың өнімді, өмірің көңілді болсын десең, досың көп болсын, достықты отбасынан баста дейді.

 Адамгершіліктің асыл белгілері: ар-ұят, ождан сақтауды, сыпайыгершілікті, әдептілікті, үлкенді сыйлауды; достықты уағыздай отырып, осы тамаша қасиеттерге қарама-қарсы адамды аздыратын өтірік, өсек, еріншек, мақтаншақ сияқты жаман әдет, жат мінездерден сақтандырады. «Өтірік өрге баспас», «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», «Өзін-өзі мақтаған өліммен тең» деу арқылы өтірік-өсек айтудан, орынсыз бос мақтаннан аулақ болуға шақырады. Адамгершіліктің ең жоғарғы түрі – бауырмалдық, бүкіл адам баласын бауыр, дос тұту, көпшіл болу. Қонақжайлық, барын қонақтың аузына тосу – халқымыздың ежелгі бауырмалдық-меймандостық дәстүрінің әдемі көрінісі. Ал мұның өзі қазірде ұлт достығының күшейе түсуіне себепкер болып отыр. Қазақ, жыл мезгілінің, күн тәулігінің қай кезінде болмасын «Құдайы қонақпын» деп келген адамды танысын-танымасын құрақ ұшып қарсы алуға, ренішсіз қабылдауға, астына төсеніш, алдына дастарқан жайып, барын беруге міндетті болған. «Қонақасы – тәңір ақысы», «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады», «Ішілмеген ас – умен тең, кісі келмген үй – көрмен тең» деген мақалдар кең пейілді қазақ халқының меймандостығын дәлелдейді. Ағайын-туғанның, ауыл-аймақтың тату-тәтті, ынтымақты, берекелі, бірлікті болуын көздеген қазақ халқы оны барынша дәріптеген. «Ырыс алды - ынтымақ», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» т.б. мақал-мәтелдер – осы пікірдің айғағы. Б.Бұлқышев: «Адал адам Отанын сүйеді. Адал, ақ жүрекке Отан – анасындай. Отанның дегенін істеу – қуаныш, мақтаныш. Отанға деген махаббатты өлшеуге болмайды» деген болатын.

         ІІ. Адамгершілік тақырыбы – мәңгілік. Ол ешқашан ескірмек емес. Адамға адамгершілік тәрбие арқылы беріледі. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру – ата–ана мен ұстаздардың басты міндеті. Ал, біз сол ата–анамыздың қадірін біліп жүрміз бе?

         (видеоролик көрсету)

         Студенттер осы видеоролик туралы өз пікірлерін айтады.

         ІІІ. Келесі кезекте адамгершіліктен ада болған, өз әке–шешесін алдап кеткен бала жайлы тыңдап өтсек...

 

Патриция Джон

«Ақ қол орамал»

         Автобус аялдамасының қасында басын төмен салбыратып жерге қарап бір жалғыз адам отыр. Адамдар қарап-қарап өтіп жатыр. Бірақ ол ешкімге көңіл бөлмей терең ойға батып отыр.

         Ол өзінің барлық өткен өмірін қайта-қайта ойланып есіне алып отыр. Келесі көшеде ол жиырма жылдай бұрын дүниеге келген кішкентай қызыл кірпішті үй бар болуы керек. Ол үй қазір бар ма? Әлде құлап қалды ма екен? Мүмкін үйдің жанындағы раушан гүлдері әлі өсіп тұрған шығар. Иә, оның есінде сол раушан гүлдері жақсы сақталып қалыпты. Және әкесі өз қолымен жасап берген әлпеншек те есінде. Және бақшаларының жанындағы сыңар аяқ жол көз алдына елестейді. Сол жолмен ол бірінші рет велосипед теуіп үйренген еді. Ата-аналары бірнеше ай бойы ақшаларын үнемдеп сол  велосипедті алып бергені есінде. Біраз жылдан соң ол велосипедтің орнына болмай мопед сатқызып алған еді.

         Ол үйіне сирек келе бастайтын. Ол басқа достар тауып алып көп ақша таба бастады. Ал ата-аналары ескі көзқарастағы адамдардай болып елестеді. Ата-аналарына қарағанда дискотекада уақыт өткізген аса көңілді болып көрінетін.

         Ол өз ойынан өзі селк ете түсті. Өмірінің сол кезеңін ол қинала есіне алды. Әсіресе кішкентай қарыздары үлкен қарыздарға өсіп ата-анасының үйіне барғаны. Сол жолы үйіне барғанда қартайған анасы зыр жүгіріп баласына тамақ дайындап, әкесі баласының осы жолы ақша сұрап ауыртпашылық түсірмегеніне қуанып сүйсіне қарап отырған болатын. Ол әкесінің ақшаларды қай жерде сақтайтынын білетін. Бір мезгілде әке-шешесі бөлмеден шығып кеткен кезде ол ақшаларын алып үйден шығып кеткен еді.

         Сол күннен бастап ол әке-шешесін көрмеген. Мынандай ұят қылығынан кейін онда әке-шешесінің көздеріне қарауға батылдық жетпеді. Ол шет елге кетіп қалды. Бір орыннан екінші орынды ауыстырып жүрді. Әке-шешесі баласынан бейхабар болып қалды. Оның түрмеге түскенін білмеді.   

         Камерада жатқанында ол әке-шешесін көп есіне алатын. Ұзақ түндер өтпей қойғанда, камера қабырғасына түскен ай сәулесіне қарап жатып: «Түрмеден шыға сала барып қалдарын білемін. Егер олар тірі болса... Егер мені олар көргісі келсе...?» - деп көп ойлайтын.

         Түрмеден босатылғаннан кейін ол бір үлкен қалада жұмысқа орналасты. Бірақ жүрегінде тыныштық болмады. Бір белгісіз күш оны үнемі үйіне тартып тұрды. Сол ой басынан да шықпай қойды. Оның көз алдына қайта-қайта кішкентай қызыл кірпіштен салынған үй, ол үйдің жанындағы раушан гүлдері, әлпеншек теуіп отырған, мектепке жүгіріп бара жатқан кішкентай бала кезі жиі елестей берді.

         Ол үйіне бос қол барғысы келмей, жолдың көбін жаяу жүріп, жол жөнекей кездескен көліктермен өз қаласына жақындап қалған еді.

         Бір отыз километрдей жол қалғанда оның жүрегіне бір күдік, қорқыныш ұялай бастады. Оның ата-ана үйінің табалдырығын аттауға қандай хақысы бар? Ол барғанда олар өздерінің сүйіп өсірген және өздерін алдап кеткен баласын тани ма екен? Танымай қалса не болады?

         Жалғыз адам біраз ғана тамақ сатып алып тал түбінде кеш батқанша отырып қалды. Қанша күндер асығып келіп, енді ол асықпай да қалды. Кешке отырып жазған хаты өте қысқа еді. «Сіздер мені көргілеріңіз келеді деп ойлауға да менің хақым жоқ. Бірақ сіздер шешесіздер ғой. Бейсенбі күні таңертең ерте мен біздің көшеде боламын. Егер сіздер мені көргілеріңіз келсе, менің бөлмемнің терезесіне кішкентай ақ шүберек ілініп тұрса – мен үйге кіремін, ал жоқ болса алыстан ғана қызыл кірпішті үйімізбен қоштасып басқа жақтарға кетемін».

         Міне сол бейсенбі күні де жеткен еді. Оның көшесі келесі бұрылыстан кейін. Көше бар екен. Бірақ оған үйіне жақындау қиынырақ бола бастады. Ол өте ақырын жүрді. Бұрылысқа жетпей ол тоқтап қалып, тротуарға отыра салды да аяғының астындағы тастарға қарап көп ойланып отырды.

         «Мүмкін әке-шешелерім басқа үйге көшіп кеткен шығар. Егер терезеде ақ шүберек болмасаа көрші үйлерге кіріп ата-аналарым туралы сұрастырып көрейін. Олар тірі ме екен өздері? Мүмкін олар әлі күнге дейін осы үйде тұрып жатқан шығар, мені мүлде көргілері де келмейтін шығар? – деген ойынан өзі қорқып кетті».

         Ол әрең орнына тұрды. Ашық аспан астында неше күн үйықтап жүргеннен оның аяқтары да шаршаған. Бұрылыста өсіп тұратын бір үлкен қарағайға жақындап қалды. Қарағайға жеткенде оның қызыл кірпішті үйі көрінетіні оның есінде. Ол қарағайға дейін келіп, басын төмен салбыратып көзін жұмып біраз тұрды. Терең күрсініп үйі тұратын жаққа бетін бұрып жалт қарады... Жүрегі оның селк ете түсті. Бұндайды ол күтпеген еді.

         Ол сонша сағынып келе жатқан қызыл кірпішті үйдің бір де бір кірпіші көрінбейді................. Ол қызыл кірпішті үйдің орнына ескі, жыртық-жыртық ақ орамалдармен, шүберектермен қапталған, кейбір жерінде қағаз жапсырылған кішкентай ғана ақ үйді көріп тұр.

         Қартайған кемпір мен шал терезеге ілінген кішкентай шүберекті баламыз көрмей қалса, оны  мүлде көрмей кетемізбе деген үмітпен үйлерінің барлық жағына ақ нәрсе жапсыра берген екен.

         Кішкентай ақ үйді көріп жалғыз адам көшеде жалғыз тұрып жылады. Оның жүрегі елжіреп, қатты толқыды. Қалай есік алдына жетіп келгенін өзі де білмейді. Үйдің есігі айқара ашылып тұр екен.....

Ата-ананың жүрегі неткен  мейірімді, неткен кең десеңші!   

        

         IV. Нақыл сөздер, мақал–мәтелдер таратылып беріледі, студенттерің пікірі тыңдалады.

         1. «Адамдықтың белгісі, иіліп сәлем бергені»

         2. «Әйеліңмен дос бол – берекең кіреді,

Азаматпен дос бол – қадіріңді біледі,

Білімдімен дос бол – ақыл–кеңес береді»

3. Жақсыдан әкім қойсаң, елді түзетер,

Жаманнан әкім қойсаң, елді жүдетер.

4. Әдептілік ар, ұят –

Адамдықтың белгісі.

 

V. Студенттерге сөздер таратылып беріліп, сол бойынша ойларын

қорытындылайды.

  1. Компьютер
  2. Қазақстан
  3. КБТУ
  4. Арал
  5. Орталық алаң
  6. Проект
  7. Надандық
  8. РСФМШИ

 

Жүргізуші:

Кезінде Ақан сері – «Мен үш қасиетімді мақтан тұтам» – депті. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым, һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым. Бұл үш қасиет әркімнің өз құдайы. «Өз құдайынан айрылған адам бос кеуде, өлгенмен тең» деген екен.

         «Еліміздің күші – патшада, сәбидің күші – жылауында» демекші, біздің күшіміз, қорғанышымыз, сеніміміз – адамгершілігімізде болуы керек. Ол үшін Ақанның осы үш қасиетін бойымызға дарыта блсек – ұлы жеңіс болары анық.

Жаңартылған күні: 25.11.2020 16:25
Құрылған күні: 25.11.2020 16:25

Текст